ҚР БҒМ 0-сыныптарда оқушыларды пилоттық оқыту бойынша қосымша түсіндірмесі
2016 жылдан 1 сынып оқушылары бірыңғай оқу бағдарламасы, бірыңғай базалық оқулықтармен білім алды. Ата-аналардың пікірінше, мектепалды дайындық тобындағы (0 сынып) балалар да осылай бірыңғай оқу бағдарламаларымен оқытылуы қажет.
Себебі, мектепалды дайындық тобында (0 сынып) бірыңғай оқу бағдарламаларымен және бірыңғай базалық оқулықтармен оқымаған балаларға 1 сыныпқа келгенде бірыңғай оқу бағдарламаларын игеру қиындық тудырады.
Әлі күнге дейін 1 сыныпқа келген балалардың білім деңгейінде сәйкессіздік байқалады. Кейбірі кітапты еркін оқи алады, сандарды құрай және санай алса, ал кейбірі тек бірқатар әріпті ғана біледі. Балалардың бір деңгейде дайындалмауы салдарынан білім сапасының төмендеуі және оқу процесінің жүйесіздігіне алып келеді. Бұл деген бір бала оқу материалдарын жай қабылдай бастаса, кей балалардың іші пыса бастайды.
Осыған байланысты мектепалды дайындық тобын
0 сыныптарда дайындау мәселесі ата-аналар мен мұғалімдер үшін өте маңызды болып тұр.
Еліміз бойынша 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап
0 сыныптарға мектепалды дайындықтың бірыңғай оқу бағдарламасын енгізу жоспарлануда. ҚР БҒМ 2017 жылдан бастап пилоттық жоба аясында еліміздегі мектепалды дайындық топтарына, білім мекемелеріндегі мектепалды дайындыққа (0 сынып) бірыңғай оқу бағдарламалары мен бірыңғай базалық оқулықтарды енгізу жоспарлануда.
Астана қаласында Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл толуына байланысты халықаралық конференция өтеді
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы (бұдан әрі - Академия) 2016 жылғы 4 қарашада Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында қазақ педагогі – ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл толуына байланысты Мерекелік іс-шаралар жоспары аясында «Ыбырай Алтынсарин және заманауи білім» халықаралық конференциясын өткізеді (бұдан әрі - Конференция).
Конференция мақсаты - Ы. Алтынсариннің педагогтік мұрасын зерделеу бойынша тәжірибе алмасу және оның идеяларын қазіргі білім беру жүйесінде іске асыру.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдарының өкілдері, Академия ардагерлері, әр жылдардағы Академия басшылары, отандық және шетел ғалымдары, Ы.Алтынсарин атындағы білім беру ұйымдарының, барлық типтегі білім беру ұйымдарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері шақырылады.
Конференция аясында «Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық-педагогикалық қызметінің құндылық негіздері», «Білім мазмұнын жаңарту жағдайындағы Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық идеяларының сабақтастығы», «Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасы және қазіргі кәсіптік білім» панельдік сессиялары өткізіледі.
Конференцияны бірлесе ұйымдастырушылар: Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Ы.Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжі, Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық мұражайы.
Академия ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында ұлы ағартушы - педагог Ы. Алтынсариннің 175 жылдық мерейтойына арналған республика мектептерінің 7-11-сыныптары оқушыларының арасында «Ұшталған қалам» атты конкурсын өткізді, республикалық сынып сағатын өткізу бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірледі. Өткізілген шаралар оқушылардың бойында елімізге деген патриоттық және ұлттық мақтаныш сезімін, ағартушы-педагогтың мұрасына құрмет сезімін, Ы.Алтынсариннің зияткерлік және рухани мұрасына қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған.
Педагог-дефектологтары үшін біліктілікті арттыру курстары өтті
2016 жылғы 4-13 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі нің қолдауымен Түзеу педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығы базасында арнайы білім беру ұйымдарының педагог-дефектологтары үшін біліктілікті арттыру курстары өтті.
Монтессори-педагогикасы бойынша жүргізілген курстарға Қазақстанның 15 өңірінен 39 тыңдаушы қатысты.
«Қауіпсіз мектеп» акциясы
2016 жылғы 20 тамыз бен 20 қыркүйек аралығында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Қауіпсіз мектеп» республикалық акциясын өткізді.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, акция барысында республикамыздағы барлық білім беру ұйымдарында қауіпсіздік шаралары, флешмобтар, суреттер мен плакаттар конкурстары, жас жол қозғалысы инспекторларының жарысы, ата-ана жиналыстары, лекциялар, дөңгелек үстелдер, тренингтер, сынып сағаттары, нұсқаулықтар, кездесулер ұйымдастырылып, ақпараттық стендтер дайындалып, әлеуметтік бейнероликтер көрсетілді.
Акцияға қатысушылардың басты назары жол қозғалысы ережелерімен танысуға, балалардың әртүрлі жағдайдағы қауіпсіз әрекет етуге, салауатты өмір салтын ұстануға және ата-аналардың жауапкершілігіне аударылды.